National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықованың «Reforms in Kazakhstan: An analytical View» атты кітапты таныстыру рәсімінде сөйлеген құттықтау сөзі

Қадірлі қауым!

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Біз бүгін еліміздің зияткер жұртшылығы өміріндегі елеулі оқиға – Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жоғары мектеп пен ғылым ісінің көрнекті ұйымдастырушысы, экономист ғалым Кенжегали Әбенұлы Сағадиевтің «Reforms in Kazakhstan: An analytical View» атты кітабының тұсаукесер рәсімінің куәгері болып отырмыз.

Кітаптың таныстырылымы Қазақстан Тәуелсіздігінің символы – Астананың 20 жылдық белесімен орайлас келуінің мәні зор. Астана – Президент идеясының жүзеге асырылуы және Қазақстанның талантты халқының ерен еңбегінің жемісі.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағдарының маңызды басымдығының бірі – отандық ғылымды дамыту. Мемлекет басшысы бүкіл Тәуелсіздік дәуірі бойы ғылымға және ғалымдарға әрдайым қамқорлық жасап, елдегі академиялық және қолданбалы зерттеулерге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

Аталған кезеңде ғылымды дамыту үшін көп шаруа атқарылды. Ғылыми қызметті басқарудың жаңа моделі, ғылымды қаржыландырудың заманауи тетіктері енгізілді. Мәселен, 2016 жылы 23 мың ғалым және 383 ұйым ғылыми зерттеушілік әзірлемелермен шұғылданды, бұл саланың шығысы 38 млрд теңгені құрады.

Бүгінде Қазақстан Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа жолдауын Индустрия 4.0. элементтерін өмірге енгізе отырып жүзеге асыруда. Аталған құжаттың 7-ші тапсырмасында «Адами капитал – жаңғыру негізі» зияткерлік ресурстарды жан-жақты дамытуға баса назар аударылып отыр.

Тұсауы кесіліп отырған монография тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан экономикасы дамуының маңызды мәселелерін талдауға құрылған, сондай-ақ онда қоғамымыздың дамуындағы түрлі жайттарға қатысты автордың пікірі берілген.

Ол – Мемлекет басшысы көрсетіп берген, бүкіл әлем үшін хрестоматияға айналған Қазақстан жолын – бұрынғы командалық-әкімшілік экономикадан нарықтық жүйеге көшу үдерісін терең байыптауға арналған еңбек.

Бүгінде еліміз ең озық 30 мемлекет қатарына қосылуды  мақсат еткен «Қазақстан – 2050» стратегиясын, Ұлт жоспарын, Үшінші жаңғыруды жүзеге асыруда.

Осыған орай практикалық сипаттағы тиімді ғылыми еңбектердің мәні ерекше. Академик Сағадиев экономикалық реформаның стратегиясы мен тактикасы әзірлемелеріне қатысты өз көзқарас-пайымдарын ортаға салады.

Сондықтан кітаптың жекелеген маңызды аспектілеріне тоқталып өткім келеді. Мәселен, ұлттық валюта енгізерде Кенжеғали Әбенұлы Президентке Қазақстанның жаңа ақшасы – теңгенің долларға шаққандағы оңтайлы бағамын бекіту жөнінде ұсыныс берді.

Сондай-ақ ғалым назарындағы маңызды міндеттер қатарында елдің индустриялық-инновациялық дамуы, экономиканың бәсекеге қабілеттілігі, ғылыми қамтымды өндірістер енгізу мәселелері бар.

Автор талқылаған жайттардың тағы бір елеулі бөлігі – Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне қатысты, Еуразиялық экономикалық одақты дамыту перспективалары туралы өзекті мәселелер.

Академик ауыл шаруашылығын реформалау, жеке меншік қалыптастыру, кооперацияны дамыту, ауыл шаруашылығы саласына салық салу мәселелерін шешудің жөнінде де ұсыныстар енгізді.

Кітапта автордың әлемдік қаржы дағдарысының салдарлары, оның экономикамызға әсері, бұдан арғы даму жолдары және технологиялық прогрестің ықпалы туралы ойлары берілген.

Мазмұнды еңбек тек бүгін және біздің елде ғана емес, шет елдерде де бұдан бұрын жоғары бағаға ие болған. Мәселен, Кембридж университетінің профессоры Сидхарт Саксен бұл еңбектің посткеңестік кеңістіктегі реформалар жөніндегі нұсқаулыққа айналғанын атап өткен.

Аталған университеттің докторы Шейладжа Феннелл кітапта реформалау үдерісінің түрлі сатыларындағы институттар мен даму басымдықтарын таңдаудың эволюциясы көрініс тапқанын айтады.

Ал Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Александр Бузгалиннің ойынша, бұл басылым – барлық мемлекеттер өз тәуелсіздігінің бастапқы жылдарында беттескен жаһандық сын-қатерлерді еңсеру ережелерінің өзіндік бір жиынтығы.

«Reforms in Kazakhstan: An analytical View» кітабы Қазақстанның ғылыми өміріндегі елеулі оқиғаға айналды. Еңбек басшыларға және мамандарға, сондай-ақ қалың жұртшылық үшін қызықты болары анық.

Кітап академиктің – әлемнің көптеген елдерінде жарық көрген 500-ден астам ғылыми еңбек, 30 монография авторының ғылыми беделін тағы да айғақтай түседі. Аталған басылымдар ел экономикасының дамуына, жоғары білікті ғалымдар легінің қалыптасуына зор септігін тигізді.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына сүбелі үлесін қосқан академик Сағадиев бүгінде бізді өзінің жаңа, терең еңбектерімен қуантып, өз халқына аянбай қызмет ете беретін болады.

Сөзімнің соңында, құрметті Кенжеғали Әбенұлы, Сізге мықты денсаулық, бақ-береке және жаңа шығармашылық табыстар тілеймін.

Тыңдағандарыңызға рахмет.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару