National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Мемлекеттік кеңесші Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиясының отырысын өткізді

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиясының отырысы өтті.

Отырыста 2021-2023 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспардың орындалу барысы қаралды.

Жиында Қаржылық мониторинг агенттігі, Қаржы министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі басшыларының Кешенді жоспарды жүзеге асыруға қатысты есебі тыңдалды.

Ерлан Қарин халықтың мұқтаждығын өтуге бағытталған нақты нарықтық экономикаға көшу барысында көлеңкелі экономиканың көлемін азайту ерекше маңызды екенін айтты. Мемлекет басшысы мұндай міндетті кеше өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте қойған болатын.

Мемлекеттік кеңесші жоспарланған іс-шараларды өз деңгейінде атқарудың, көздеген нәтижеге қол жеткізудің, жүргізіліп жатқан жұмыстар көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендетуге шынайы әсер етуінің, сондай-ақ, көлеңкелі әрекеттерге ұрынған басқа да салаларды анықтаудың маңызды екенін атап өтті. Айталық, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бойынша Кешенді жоспарға көлік және құрылыс салаларын қамтыған іс-шаралар ғана кірген. Мысалы, жер қойнауын пайдалану саласында да көлеңкелі экономикамен байланысты тәуекелдер бар. Министрлікке жетекшілік ететін барлық сала бойынша көлеңкелі экономиканың сын-қатерлерін жою жөнінде тапсырма берілді.  Сонымен қатар, мемлекеттік органдар тарапынан қабылданатын шаралар бизнеске қысым көрсетіп, инвестициялық климаттың нашарлауына әкеп соқпауы керек.

Жиында айтылған ой-пікірлерді саралай келе Комиссия тарапынан нақты ұсыныстар әзірленді. Ал отырыс қорытындысы бойынша Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бірқатар тапсырма берді, оның орындалуы бақылауға алынды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару