Жаңалықтар

7 қыркүйек 2013
Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин «Назарбаев Университетінде» болды

 

Мемлекеттер басшылары университеттің қызметімен танысып, студенттермен кездесті. Си Цзиньпин олардың алдында Қытайдың Орталық Азиядағы сыртқы саяси басымдықтары және Қазақстанмен арадағы екіжақты ынтымақтастық тақырыбында дәріс оқыды.

Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз Қытайдың Қазақстанмен және өңірдегі өзге елдермен қарым-қатынасын нығайтуға ұмтылысын қолдайтынын атап өтті.

– Біз Санкт-Петербургте өткен G20 саммитінен енді ғана оралдық. Онда екі күн бойы дағдарыс кезіндегі және дағдарыстан кейінгі кезеңдегі әлемнің қаржы-экономикалық архитектурасының проблемалары қызу талқыланды. Тәуелсіз Қазақстан мен ҚХР қарым-қатынасының жаңа тарихы өте тәнті етеді. 1700-ден астам шақырымға созылатын біздің ортақ шекарамыз достық пен өзара іс-қимылдың шекарасы болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.  

Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің экономикалық ынтымақтастығы айтарлықтай алға жылжып, бүгінде тауар айналымы 26 млрд. долларға жеткеніне тоқталды. Осыған байланысты мемлекет басшылары оны 40 млрд. долларға жеткізу міндетін алға қойып отыр.

– Бүгін және ертең біз келіссөздер жүргіземіз. Елдеріміздің сарапшылары елеулі жұмыс атқарды. Біз ынтымақтастығымызды жаңа сатыға көтеретін 20-дан астам жаңа құжатқа қол қоятын боламыз. Бұған Қытай Халық Республикасының Қазақстанды барлық бағыттар бойынша қолдауының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Мен Сізге екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға деген ниетіңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстан ҚХР-ды тату көрші ретінде таниды және ынтымақтастық орнатуға дайын, біздің стратегиялық серіктестік туралы келісіміміз бар, – деді Қазақстан Президенті.   

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Си Цзиньпинге екі елдің студенттер алмасуын қамтамасыз етуге ниет білдіргені үшін алғысын айтты.

– Жастар бірін-бірі біліп, қарым-қатынастарымыз  одан әрі нығая беру үшін Қазақстан да Қытайдан студенттер қабылдауға әзір. Қазақстан ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа дайын. Қазақстан ҚХР-ға жақсы көрші, сенімді дос және экономикалық серіктес болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Университет студенттері алдындағы дәріс барысында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің экономикалық және саяси дамуында едәуір ілгері кеткенін және бұл қадамы халықтың тұрмыс деңгейін айтарлықтай жақсартып, халықаралық беделінің артуына жол ашқанын атап өтті.     

– Небәрі 10 жылда заманауи қала болған Астана Қазақстан жерінің тағы бір ғажайыбына айналды.  Астана – еңбексүйгіштіктің, Қазақстан халқының өсіп-өркендеуі мен жарқын болашағының символы. Қытайдың Хань династиясының елшісі 2 мың жылдан астам уақыт бұрын бейбітшілік пен достық миссиясымен Қазақстанға екі рет келіпті. Сол сапарлар Қытайдың Орталық Азиямен достық қатынастарының кеңеюіне ықпал етіп, Жібек жолының  шығыстан батысқа,  Азиядан Еуропаға барар бағыттарын ашты. Ежелгі Жібек жолы өзінің бастауын менің туған провинциям саналатын Шэньсиден алады, – деп атап көрсетті  Си Цзиньпин. 

ҚХР Төрағасы  ежелгі Жібек жолының бойында жатқан қазақ жері шығыс және батыс өркениетінің ықпалдастығына зор үлес қосып, түрлі ұлттар мен мәдениеттер арасындағы байланыстардың дамуына септігін тигізгенін айтты.

– Мәңгілік достық пен екі мың жылдан астам өзара қатынастардың жылнамасы түрлі ұлттары, мәдениеттері, діндері бар елдер өзара сенім мен түсіністік, теңқұқықтық әрі өзара тиімділік рухын басшылыққа алатын болса,  бірлескен дамуға ұмтылып, бейбітшілік пен келісім жағдайында тіршілік ете алатынын көрсетті. Осының бәрі де Ұлы Жібек жолының тағлымы. Бүгін біздің өзара әрекеттестігіміз жаңа тарихи биікке көтерілді. «Жақын көрші алыс туыстан артық» дейді ғой. Біз Орталық Азия елдерімен өзара қарым-қатынастарымызға зор маңыз береміз және бұл біздің сыртқы саясатымыздың басымдығы бар бағытының бірі, – деді  Си Цзиньпин.

ҚХР Төрағасы Қытайдың көрші елдермен өзара достық пен ынтымақтастықты нығайтуға барлық халықтардың игілігі үшін ұмтылып отырғандығына да тоқталды. 

– Біз өзге дербес елдердің халықтарына, олардың даму жолдары мен жүргізіп отырған ішкі-сыртқы саясатына үлкен құрметпен қараймыз және қандай жағдай болса да, ішкі істеріне араласпаймыз. Қытай тарапы өңірлік істерде билеп-төстеушілікті көздемейді, ықпал ету аймағын іздемейді. Біз бүкіл өңірдің одан әрі үйлесімді дамуы үшін Ресей және Орталық Азия елдерімен бірлесе күш-жігер жұмсауға дайынбыз. Мемлекеттік егемендікке, аумақтық тұтастыққа, ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатысты аса маңызды мәселелер бойынша өзара нық қолдау Қытайдың  Орталық Азия елдерімен стратегиялық серіктестігінің негізгі өзегі болып табылады, – деп атап өтті Си Цзиньпин.

ҚХР Төрағасы ынтымақтастықтың жаңа модельдерін қолдану,  төмендегідей нақты бағыттардан бастай отырып, бірлесе күш-жігер жұмсау арқылы Ұлы Жібек жолының «экономикалық белдеуін» қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

– Бірінші, экономикалық интеграция шаралары мен бағдарламаларын әзірлеу үшін экономикалық даму стратегиясының түрлі мәселелері жөнінде ұдайы пікір алмасып отыру. Екінші, Тынық мұхиттан Балтық теңізіне дейін біртұтас көлік инфрақұрылымын түзу. Үшінші, кедергілерді жоя отырып,  жеткізу жылдамдығын арттыру арқылы сауда байланысын күшейту. Төртінші, валюта ағынын күшейту. Бүгінде біз ұлттық валюталар мен жинақтар есебі бойынша табысты жұмыс жүргізіп келеміз. Мұндай тәжірибе ақша шығынын азайтып, қаржы жүйесін қатерден қорғайды, сондай-ақ экономиканың халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бесінші, халықтар арасындағы байланыстарды одан әрі күшейту, – деді С. Цзиньпин.

Сөзінің қорытындысында ҚХР Төрағасы елдеріміздің біздерді біріктіретін және өзара тиімді ынтымақтастықтың даму перспективаларына жол ашатын қарым-қатынасының екі мың жылдан астам тарихы мен кең ауқымдағы мүддесі бар тағдыры ортақ тату көршілер екенін атап өтті.

Соңында Си Цзиньпинге Қазақстан Президенті оған Назарбаев университетінің құрметті профессоры атағының берілуіне байланысты профессор мантиясын тапсырды.

Си Цзиньпин университетке шақырғаны үшін алғысын айтып, құрметті қонақтар кітабына өз қолтаңбасын қалдырды.

Мемлекет басшылары Университетте болғаннан кейін «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрын аралап көрді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар