National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті

2014 жылғы 29 мамыр

 

Отырысқа Қазақстан, Ресей және Беларусьтің мемлекет басшыларымен бірге Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян және Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы  Виктор Христенко қатысты.

Мемлекет басшылары Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы шартты әзірлеу барысын, сондай-ақ Қырғызстанның Кедендік одаққа қосылуы жөніндегі Жол картасын қарады.

Қазақстан Президенті еуразиялық экономикалық ықпалдастық үдерісінде кезекті белестің бағындырылғанын айтты.

– Бүгінде біздің бұдан арғы іс-қимылымыздың стратегиясын кемінде 15-20 жылға айқындап, алыс көкжиекке қарау маңызды болып отыр. Одағымыздың 21 ғасырдың бірінші жартысындағы басты миссиясы екі жайтқа байланысты екенін түсіну керек. Біріншіден, әлемнің маңызды экономикалық макроөңірлерінің біріне айналу, бұл бізге Шығыс пен Батыстың, Еуропа мен Азияның арасындағы «экономикалық көпір» ретінде бәсекелестікте табиғи артықшылық береді. Екіншіден, елдеріміздің әрқайсысының әлемдегі дамыған мемлекеттер қатарына қосылуын қамтамасыз етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ халықтар мен мемлекеттер үшін ауыртпалыққа емес, игілікке айналуы тиістігін атап көрсетті.

– Осындай ұстанымда болу арқылы ғана еуразиялық таңдаудың тартымдылығын қамтамасыз етіп, Еуразиялық экономикалық одақтың тағдырлы мақсаттарына қатысты кез келген күмәнді біржола сейілте аламыз. Біз Еуразиялық экономикалық комиссия Мәскеуде болады деп келістік. Минскіде Еуразиялық сот орналасады. Ол жерде біздің одақтың құқықтық аспектілері шоғырланады. Одақтың қаржы нарықтарын реттеу жөніндегі ұлтүстілік органы 2025 жылдан бастап Алматыда болады, – деді Қазақстан Президенті.

Бұл ретте Мемлекет басшысы одақтық қаржылық регулятордың құрылуын күтпей-ақ Алматыны Еуразиялық экономикалық одақтың қаржы орталығы ретінде таныта беруге шақырды.
Сондай-ақ, ол Еуразиялық экономикалық одақ құру экономикамызды жан-жақты жаңғыртуға қуатты серпін беретініне сенім білдірді.

Армения Президенті С.Саргсян Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою тәрізді тарихи оқиғаға және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысуға шақырылғаны үшін алғысын білдірді.  

– Кеден одағының мемлекеттер басшыларын ЕАЭО-ның, көп жағдайда оған кіретін елдердің бұдан әрі дамуын айқындайтын бірлестіктің құрылуының маңызды белесіне қадам басуымен шын жүректен құттықтаймын. Сөз жоқ, бұл – бәрінің көңіліне қонымды құжатты келісу үшін мүмкін болғанды жүзеге асырған, түрлі кедергілер мен келіспеушіліктерді еңсере отырып, ымыралы ұсыныстар бойынша тіл табыса білген көптеген сарапшылар мен лауазымды тұлғалардың еңбегінің нәтижесі. Бірақ соның барлығы мемлекеттер басшыларының саяси жігерінсіз мүмкін болмас еді, – деді С.Саргсян.

Армения Президенті Беларусь, Қазақстан және Ресейдің салалық мекемелерімен, Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесе жүргізілген жүйелі жұмыс Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Арменияның қосылуы жөніндегі шарт жобасын көзделген мерзімде дайындап шығуға мүмкіндік бергенін айтты.

Қырғызстан Президенті А.Атамбаев Нұрсұлтан Назарбаев көтерген Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясы шын мәнінде жүзеге асқанын атап өтті.

– Мен ЕАЭО барлық мүшелерінің экономикалық дамуы үшін бәріне пайдалы алаң қалыптастыратын пәрменді ұйымға айналады деп сенемін. Кеден одағымен және одан кейінгі ЕАЭО-мен интеграция Қырғызстан үшін саналы шешім және экономикалық саясаттың маңызды бағыты болып саналады. Кеден одағына мүше елдер біздің тек негізгі экономикалық серіктестеріміз ғана емес, бұлар – ең алдымен араларында ешқандай тілдік кедергі жоқ, рухы және ортақ тарихы жөнінен жақын халықтар, – деді А.Атамбаев.      

Сондай-ақ, ол Қырғызстан экономикасын өтпелі кезеңде қолдау тетігін әзірлеуге көрсеткен көмегі үшін Қазақстан мен Ресейге алғысын білдірді. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің