National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Назарбаев Университетінің үздік түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсіміне қатысты

2019 жылғы 31 мамыр

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Елбасы барша түлектерді айтулы күнмен құттықтады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті осыған дейін төрт жыл ішінде Университетті 2600-ден астам студент бітіргенін айтты.

– Университет түлектері – елімізде және шетелде сұранысқа ие болып отырған бәсекеге қабілетті жас мамандар. Бүгін Университетті бітіріп жатқан 963 түлектің 565-і бакалавриат бағдарламасы бойынша, 378-і магистратура және 20-ы докторантура бағдарламасы бойынша білім алды. Бакалавриат бағдарламасы бойынша оқу бітіргендердің 40 пайыздан астамы әлемнің үздік университеттерінен шақыру алып, оқуын жалғастырды, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелері және қол жеткізген жетістіктерін атап өтті.

– Былтыр Ғылым және технология мектебінің студенттік командасы  Бостонда өткен iGEM гендік-инженерлік машиналар халықаралық байқауында алтын медаль жеңіп алды. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға қатысты iGEM жобасын атап өтуге болады, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы Университеттің жоғары білікті және бәсекеге қабілетті кадрлары Қазақстанның жоғары технологиялы индустриясын дамытуға зор үлес қосып отырғанын айтты.

– 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланды. Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге, сіздердің білімдеріңізге, күш-қуаттарыңыз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Сіздер өз әлеуеттеріңіз мен мүмкіндіктеріңізді толық іске асыру үшін біз барлық жағдайды жасап отырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті «NU – Назарбаев Университеті» брэнді әлемдік академиялық ортада ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік басқару, бизнес, медицина, инновация, ІТ-технология саласында кеңінен танымал болды.

– Бұл бастама Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ бүкіл посткеңестік кеңістікте озық жобаға айналып, өз саласында көш бастады. Университет қысқа мерзім ішінде жоғары білікті кәсіби кадрлар дайындайтын, сондай-ақ отандық ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді дамытатын еліміздің беделді оқу орны ретінде қалыптасты. Білім ордасының басты активі – оның зияткерлік әлеуеті саналатын адамдар – оқытушылар, студенттер, басқарушы персонал, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев түлектерді еліміз бен қоғамымызды дамыту ісіне белсене атсалысуға шақырды.

– Сіздер жоғары білікті мамандар ғана емес, сондай-ақ, азаматтық жауапкершілікті сезінетін қоғамның белсенді мүшелері болуларыңыз керек. Оқуды одан әрі жалғастыру, ел игілігі үшін еңбек ету, Қазақстанның атынан шетелде болу немесе өз ісіңізді бастау сияқты қандай да бір жолды таңдасаңыздар да сіздерге ақ жол тілеймін, жоспарларыңыз табысты іске аса берсін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Баспасөз қызметі


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің